• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Тамыз, 2017

Қазақстанда тұңғыш рет жас күйші 50 күй орындады

610 рет
көрсетілді

Тарихтың ұзақ  көшінде қазақ халқы ғана тудыра алатын, ерекше дамыған өнер түрі - күй өнері. Қазақтың қара домбырасы, оның көмейінен төгілген қоңыр күйі атадан балаға мирас болып қалған ұлы даламыздың аманатын, салтын, дәстүрін жеткізуші.

Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында жас күйші, композитор, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты Ғаламат Бейсеқожаның «Ұлы дала толғауы» атты күй кеші өтті.

Іс-шараны Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашты. Өз сөзінде  Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы талантты  жастарды қолдауға әрқашан мүдделі екенін айтты. Бұл шара Қазақстандық қоғамның рухани жаңаруы – үшінші жаңғыру міндеттері барысында ұйымдастырылды. Аталмыш кеш жастарға өнер мен шеберлікті насихаттай отырып, әуен мен күйге, руханиятқа толы қазақ өнеріне деген олардың құмарлықтарын арттыруға бағытталатынын жеткізді.

Күй кешіне ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры, профессор Тұрар Әліпбаев қатысып, өз сөзінде жас өнерпаз Ғаламат Бейсеқожаға күйші ретінде ақ тілегін, ұстаздық жанашырлық ниетін білдірді.

Музыкаға құмар, өнерге құштар Ғаламат композитор Нұрсәт Бейсеқожа ағасына қарап бой түзеп, 6 жасынан бастап қолына домбыра ұстап,  күйлерді үйрене бастаған. 11 жасынан бүгінгі күнге дейін  авторлық туындылары «Жеңіс», «Бабалар арманы», «Үшқоңыр», «Наурыз», «Қасқарау», «Жазғытұры», «Қосбасар», «Қордай», «Жауынгер», «Есдәулет»,  «Атаға арнау» т.б. күйлерін жазды. «Қазақтың бас ақыны», ұлы ойшыл, ақын, композитор Абай Құнанбайұлына арнап «Абай толғауын», дауылпаз ақын, қолбасшы батыр Махамбет Өтемісұлына «Махамбет» күйін шығарды. «Атадан мұра» күйі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған. Тәуелсіздігіміздің туын биік ұстап, елімізді саяси сахна төрінде дамыған  әлем елдерімен терезесі тең дәрежеде ұстауы, ұлт мақтанышына айналған патшамыздың көрегенділігі жас дарынның шығармашылығына шабыт қосқаны анық.

Ғаламаттың авторлық шығармаларындағы домбыра қағысынан батыс төкпе күйлерінің сарынын, шертпе күйлерінен Жетісу дәстүрін байқаймыз. «Атадан мұра», «Жауынгер», «Қосбасар» т.б.  күйі асқақтап келіп төгіліп, асау мінез байқатса, «Бабалар арманы», «Үшқоңыр» күйлері философиялық тереңдігімен, лирикалық күйімен жүрегіңе жол тартады. Күйшінің жеткізбек ойы домбыраның пернесіне басылып, қос ішекте шертіліп, әсем әуенмен тыңдарманның құлақ құрышын қандырады. Әр күй мазмұнынан күйшімен тілдесіп, айтпақ сырын түсінесің. Жас дарынның «түсініп тартпаған күйде жан болмайды» деуінің өзі тегін емес. Қазіргі таңда Ғаламаттың 20-дан астам күйлері бар.

 Ғаламат Бейсеқожа республикалық Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы. Республикалық «Жас Дарын» байқауының «Дәстүрлі өнер» номинациясы жүлдегері,  жыл сайын өтетін «Махамбет оқуларының» бас жүлдегері. Сонымен қатар, Семей қаласында өткен республикалық «Абай оқулары» байқауының бас жүлдесі, Ахмет Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар байқауының «ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Қаршыға Ахмедияров атындағы сыйлықтың» иегері.

Кеш барысында 50 күй шертіліп, аталған авторлық күйлерімен бірге әйгілі қазақ композиторлары: Тәттімбет Қазанғапұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, Қаршыға Ахмедияров, Сәкен Тұрысбек т.б. күй өнерінің хас шеберлерінің күйлері орындалды.

Күйді жай ғана музыкалық жанр десек қателесеміз. Идеялық-көркемдік, мазмұны мен сипаты жағынан да сан қырлы күрделі шығарма. Күй-қазақтың жансерігі, мұңдасы, сырласы. Күйдің ғажаптығы өзің бастан кешіріп отырған өмірдің мән-маңызын ұқтырады. Күй ойға жетелейді, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылдырады. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуездің «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен  ішкі жаратылыс қалпын  білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы-күй» деген ойтолғамынан күйдің жауапты міндетін көреміз. Күй өнерінің философиялық тереңдігін айтпақ ойымен, жеткізбек сырымен бағамдаймыз.

Тарихымыздан бастау алар мәдени мұрамызды жеткізудің түп тамыры ұлттық кодымызды насихаттау. Ұлт руханиятын жаңғыртар, ұлтты ұйыстырар мәдениетіміздің дамуына тамшыдай  үлес қосу әр азаматтың ұлт алдындағы парызы. Өнерге құлаш ұрып, қанат қаққан, ұлт өнерін ұлықтар  Ғаламат Бейсеқожаға ақ жол тілеп, әлем сахнасында қазақтың күй өнерін  күллі әлемге мәшһүр етіп танытсын деген тілектеміз.                         

Жанат Арнагул

Педагогика ғылымдарының  магистрі

                     

Соңғы жаңалықтар